Кеше жүк көлігі мен балалар отырған автобустың соқтығысуына жол бермеген полицейлік патрульдің құрамында болған Баянауыл аудандық ішкі істер бөлімінің полиция старшинасы Мұрат Нұрсейітов есін жиды, деп хабарлайды Baq.kz.
Қуанышты жаңалықпен Мұрат Нұрсейітовтің әріптестері бөлісті.
"Мұрат жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер әріптесіміздің ас іше бастағанын жеткізді", - дейді полиция старшинасының қатарластары.
Еске сала кетсек, Павлодар облысының полицейлері жүк көлігі мен балалар отырған автобустың соқтығысуына жол бермеді. Жолдағы оқыс жағдай кеше түс ауа Павлодар-Астана тас жолында Спутник және Пограничник ауылдарының арасында орын алды. Автобустың ішінде 18 бала мен 4 тәрбиеші болды.
Павлодар қалалық №1 ауруханасының бөлім меңгерушісі Кеңес Ақылжановтың мәліметінше, полицей қаңқа жарақатын алған. Қазіргі таңда қосымша тексерулерден өтіп, ем-дом шаралары жүргізілуде.
Айта кетейік, облыс орталығына аман-есен жеткен балалар жарыста үздік көрсеткіштерге қол жеткізуде. Павлодар облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Дәуеновтің айтуынша, Баянауыл ауданының құрама командасы шахмат және дойбы жарысынан 11 жыл бойы жеңіс тұғырында.
"Балалардың шошығаны рас, бірақ психологтың көмегінен бас тартты. Павлодарға жеткен соң жас спортшыларды қонқүйге орналастырдық", - дейді Ернұр Дәуенов.