Соңғы күндері Павлодар облысында ауа райы құбылып тұр. Алдымен жаңбыр құйса, артынан қар жауып, жер көк мұзға айналды. Ал ауылдық аймақтарда боран соқты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Мұндай ауа райында төтенше жағдайлардың алдын алып, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында полиция қызметкерлері күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. Олар боранда жолда қалған азаматтарға көмектесіп, бағыт-бағдар сілтеді.
Айталық, Ақтоғай ауданында аға мемлекеттік автоинспектор Дамир Уляев жол бойын тексеру кезінде жүк көліктерінің тұрғанын аңғарды. Белгілі болғандай, жүргізушілер бірнеше сағат бойы жол жиегінде тұрып қалған екен.
"Дала қатты жел тұрып, түк көрінген жоқ. Ойланбастан жүгіріп, жүргізушілерге жол көрсетуді ұйғардым. Сөйтіп, жақын базаға дейін үш шақырым жүгіріп өттім. Ауа райы жақсарған жоқ жүргізушілер қайта жолға шықты. Бастысы, барлығы дін аман", – дейді Дамир Уляев.
Сол сияқты патрульдік полицияның аға инспекторлары Жақсылық Мұсабаев пен Темірбек Аманжол Павлодар–Астана бағытындағы жолда қар құрсауында қалып қойған 10-ға жуық көлікті шығарып, оларды қауіпсіз жерге апаруға көмектесті.
Ал Полиция департаменті ауа райының өзгеруін қадағалауды, алыс сапарға шықпауды, жол ережелерін қатаң сақтауды ескертті.