Павлодарлық полицейлер формасын ұлттық киімге ауыстырды

408

Олар ұлттық нақыштағы киімде жүріп, қызмет етті. 

Павлодарлық полицейлер формасын ұлттық киімге ауыстырды Фото: Полиция департаментінің баспасөз қызметі

Наурызнама онкүндігінің аясында 18 наурыз – Ұлттық киім күні деп жарияланды. Соның аясында жер-жерде ұлттық киімдеріміз ұлықталуда. Аталған игі іске павлодарлық тәртіпшілер де қосылды, деп хабарлады inbusiness.kz тілшісі.

Әдетте тәртіп сақшыларын қызметтік киіммен көріп, үйреніп қалғанбыз. Құқық қорғаушылар жұмысын арнайы киімді киіп жүріп атқарады. Ал бүгін Павлодар ауданындағы полиция бөлімінің қызметкерлері оларды ұлттық нақыштағы киімге алмастырды.

"Мен ауылда туып, өстім. Бала кезден-ақ атам мен әжемнің тек Наурыз кезінде емес, күнделікті өмірде де ұлттық нақыштағы киімдерді киіп жүргенін көрдім. Әжем басынан ақ орамалын, атам шапанынан тастамайтын. Бұл салт-дәстүрге деген құрмет пен беріктік деп білемін. Қазіргі күні де көптеген жас ұлттық киімімізді күнделікті өмірде үйлестіріп киіп жүргені көңіл қуантады", - дейді Павлодар аудандық полиция бөлімінің арттехқару-жарақ меңгерушісі Алихан Оспанов.

Полиция өкілдері бүгін бірнеше сағат бойы қызметін әдеттегідей формада емес, шаман киіп атқарды. Тіпті, Алихан Оспанов пен тәртіп сақшысы Айжан Тыштықбаева ат үстінде дефиле ұйымдастырды.

Құқық қорғаушылардан жас өрендер де қалыс қалған жоқ. Мәселен, облыс орталығындағы Аманжол Шәмкенов атындағы лицей-мектебінің 150-ге жуық бастауыш сынып оқушысы да ұлттық киіммен "Наурызнама" атты сәнді дефиле өткізді. Ат ап өтерлігі, кейбір киімдерді бастауыш сынып ұстазы Баян Нұржанованың өзі тіккен.

"Жыл сайын наурыз мерекесін өзгерістермен қарсы алғымыз келеді. Оқушыларыма арнап, ұлттық нақыштағы киімдерді тіктім. Балаларға ерекше ұнады", – деп атап өтті мұғалім.

Облыстың өзге салаларында еңбек ететін тұрғындар да атаулы күнге белсене қатысып, басым бөлігі жұмысқа ұлттық киім киіп келді. Сонымен қатар, қазақы нақыштағы киімдердің әдемілігін әспеттеп, оларды өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау мақсатында түрлі байқаулар ұйымдастырылды.

Айталық, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі "Тақиялы қыз - трендте" атты қалалық байқау ұйымдастырды. Оның аясында қыз балалар тақия тігіп, өзара сайысқа түседі. Мектептердің 6-9 сынып оқушылары алғашқы іріктеу кезеңінде мектеп тақияны өз қолдарымен тігіп әкеліп, оның жасалу жолдары мен тігіс әдістерін, тақияның бүгінгі күндегі маңыздылығын  баяндайды. Бұл кезеңде 5 қатысушы іріктеледі. Қорытынды кезеңде іріктеуден өткен қатысушылар тақияны дайын сұлбаларымен тігіп, әшекейлеп, қазылар алқасы алдында қорғайды. Екі кезеңнен тұратын бұл байқаудың қорытындысы ертең белгілі болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу