Павлодарлық полиция департаментінің экс-бастығы Мәсімов әлі табылған жоқ

698

Облыстың бұрынғы бас полицейіне іздеу жарияланды.

Павлодарлық полиция департаментінің экс-бастығы Мәсімов әлі табылған жоқ

Бүгін ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Павлодар облысында жұмыс сапарымен болып, жергілікті жұртшылықпен, жеке құраммен және журналистер қауымымен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Министр кездесулердің барысында құқық қорғау органдарында әлі де жемқорлықтың тыйылмай тұрғанын ашық айтып, полиция қызметкері атына кір келтіретін адамдарды "тазарту" процесі басталғанын айтты. Сондай-ақ күдікке ілінген Павлодар облыстық полиция департаментінің бұрынғы бастығы Нұрлан Мәсімов және оның орынбасары Дамир Сиразидимовтардың үстінен қозғалған қылмыстық істерге қатысты түсініктеме берді.

"Нұрлан Мәсімовке қатысты іс біздің өндірісте емес. Бюджет қаржысын жымқырды деген айып тағылған күдіктіге қатысты соттың қамауға алу туралы санкциясы бар. Қазіргі уақытта департаменттің бұрынғы басшысына іздеу салынды. Сондай-ақ оның орынбасары материалдық-техникалық қажеттіліктерді сатып алу кезінде мемлекеттік сатып алуларда бағаны негізсіз көрсету арқылы қазына қаржысын қалтасына басты деген күдік бар. Ол қамауға алынды", – деді Марат Ахметжанов.

Министр павлодарлық полицейлердің өз-өзіне қол жұмсау фактілеріне байланысты да пікір білдірді. Еске сала кетейік, соңғы үш жыл дересінде облыстағы үш тәртіп сақшысы өз өмірін қиды. Бір полиция майоры абырой болғанда аман қалды.

"Полицияда жұмыс істеу оңай емес. Ішкі қауіпсіздік қызметкерлері тергеу жүргізіп, өз-өзіне қол жұмсау фактісі жұмысқа емес, отбасылық жағдайға байланысты болғанын анықтады. Десе де, құқық қорғау органдарында қысымдық барын жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан қазіргі уақытта қызметкерлерді жұмысқа алу кезінде, жұмыс барысында да моральдық-психологиялық жағдайда баса көңіл бөліп жатырмыз", – деді министр.

Жалпы еліміздің бас полицейінің пайымынша соңғы уақытта құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жұмысы нәтижелі. Мысалы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанда бір жылда кемінде 2 500 адам өлтіру фактісі тіркелсе, соңғы 5-6 жылда 1 000 жағдайдан әрі асқан жоқ. Павлодар облысында да оң динамика байқалады. Өткен жылдың төрт айында 27 адам өлтіру оқиғасы болған. Биыл жыл басынан бері 13 қайғылы жағдай тіркелді.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу