Павлодарлық пысықайлар қазынаның 1 млрд теңгеден астам сомасын қолды қылды

Бүгінде оның тек төрттен бір бөлігі қайтарылды. 

Павлодарлық пысықайлар қазынаның 1 млрд теңгеден астам сомасын қолды қылды Фото: azh.kz

Павлодар облысында қаржылық қылмыстар тыйылмай тұр. Жыл басынан бері барлығы 32 іс тергелуде, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Белгілі болғандай, биыл 17 қылмыстық іс "Алаяқтық" бабы бойынша жүргізіліп жатса, тағы 15 факт бюжет қаржысын тиімсіз пайдалануға қатысты болып отыр. Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті екінші жедел басқармасы басшысының орынбасары Николай Пахомовтың айтуынша, аталған істер бойынша жалпы шығын 1 млрд 200 теңгеге теңестіріліп отыр. 

Айталық, "Павлодар қаласы балалар жастар спорт орталығы" КМК қызметкерлер тобы алдын ала келісіп алып 15 млн теңгеден астам соманы қалталарына басқан. Олар бұл мекемеде мүлде жұмыс істемейтін адамдарға айлық пен басқа да төлемдерді заңсыз аударып отырған. Кінәлілерге төрт жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. 

Ал облыс орталығында кеспетастарды төсеу кезінде жымқырылған 126,5 млн теңгеге қатысты іс сотқа жолданды. Мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде бюджеттің қаржысы қолды болған. Күдіктілердің қатарында сметада бағаны негізсіз асыра көрсеткен екі мердігер бар. Қазір екеуі де үйқамақта.  

"Алаяқтық және бюджет қаржысын тиімді пайдалану фактілері әр түрлі салада бар. Бірақ статистика көрсеткендей, соңғы уақытта балабақшалар есепшілері қитұрқы әрекеттерге жиі барып, қазына қаражатын жымқыруда. Олардың көбі сол мекемеде жұмыс істемейтін адамдарға ақша аудару арқылы табыс алып отырған", - дейді Николай Пахомов. 

Сонымен қатар, аталмыш департамент мамандары мүмкіндігінше қаржылық қылмыстардың алдын алуға тырысады. Мәселен, Ақсу қаласында жүргізілген тексерістің нәтижесінде бюджеттің тиімсіз жұмсалуының алдын алды. Жергілікті құрылыс бөлімінде жүргізілген аудиттің нәтижесінде тоғыз қабатты екі үйдің құрылысына қарастырылған қаржы қайта есептеліп, жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілді. Соның арқасында бюджет 1,7 млрд теңгені үнемдеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу