"Шығыс" өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуге кіріскен Алдияр Тоқанов спортсүйер қауымға етене таныс. Ол еркін күрестен 2019 жылы Қызылорда қаласында, 2020 және 2024 жылдары Қарағанды қаласында өткен республикалық турнирде жеңімпаз атанған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
@Pavlodarnews.kz жазуынша, Ұлттық ұлан сапына Абай облысы Бесқарағай ауданынан шақырылған спортшы үшін жауынгерлік өмірдің маңызы бөлек.
– Мен алты жасымнан бастап күреспен шұғылданамын. Әскерге дейін сан түрлі дүбірлі додаларда топ жардым. Семей қаласында есімі елге әйгілі балуандар Айбек Нұғымаров және Мұхит Тұрсыновпен бірге жаттықтым. Болашақта олимпиада чемпионы атанып, көк байрақты биік тұғырдан желбіреткім келеді. Алайда, Отан алдындағы борышымды әманда естен шығармаған жөн. Сондықтан Павлодар қаласындағы әскери бөлімде абыройлы қызмет еткім келеді, – дейді қатардағы жауынгер.
97 келі салмақ дәрежесінде белдесетін балуан қазіргі таңда жас жауынгер курсынан өтіп жатыр. Аталмыш курс аяқталған соң мерзімді әскери қызметші салтанатты түрде әскери ант қабылдайтын болады.
Айта кетейік, әскери бөлімде борышын өтейтін сарбаздар жауынгерлік міндеттерін Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерінде атқарады.