Павлодар облысының астық өсірушілері жыл сайынғы өнім көлемін асыра көрсетіп, оларды басқа кәсіпорындарға тек қағаз жүзінде сатқан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы Сақымзада Құрманғалиевтің сөзінше, кейбір шаруа қожалықтары астықты жеткізу бойынша заңсыз құжаттар толтырып, өз шығындарын асыра көрсеткен.
"Мысалы, шаруашылықтардың бірі бір жылда 675 тонна бидай жинаған. Бірақ шот-фактуралар мен салық есебіне сәйкес, осы аралықтақта 6 мың тоннадан астам өнім сатқан. Демек өсірілген бидай көлемін 9 есеге арттырып, құжатқа жалған көрсеткіштер жазған", – дейді Сақыпзада Құрманғалиев.
Сот аталмыш шаруашылықтың 11 сатып алушымен 507 млн теңгеге жасаған саудасын заңсыз деп таныды. Мемлекетке төленбеген салықтан 70 млн теңгеден астам шығын келтірілді.
Құзырлы органның мәліметінше, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын кейбір өндірушілердің бірнеше миллиард теңгелік саудасының да қаншалықты заңды екені тексерілуде. Себебі жалған құжаттарды толтыру салдарынан бюджет салықтан қағылып қана қоймай, елдің экономикасы мен азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төнеді.
Ажар Дәулетова