Павлодарлық шаруалар Маңғыстауға 250 тонна шөп жөнелтті

873

Мал азығы тиелген 13 вагон жолға шықты.  

Павлодарлық шаруалар Маңғыстауға 250 тонна шөп жөнелтті

Павлодар облысының шаруалары асардан шет қалмай, батыс аймақтарындағы қуаңшылық зардабын тартқан ағайынға қол ұшын созуда, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Павлодар облысының әкімдігі, "Nur Otan" партиясының облыстық филиалы, әлеуметтік-волонтерлік орталық өкілдері мен кәсіпкерлер Маңғыстау облысының тұрғындарына көмектесу туралы үндеуді бірауыздан қолдады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрболат Мақашевтің сөзінше, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен еріктілер де шөп  жинау, тиеу жұмыстарына атсалысты.

"Павлодар облысында мал азығының мол қоры бар. Сондықтан өңір шаруалары мен кәсіпкерлері батыс аймақтарындағы қуаңшылықтың салдарынан туындаған шөп тапшылығы мәселесін шешуде үлес қосуды жөн көрді. Күні кеше 250 тонна шөп тиелген 13 вагон Маңғыстау облысына жол тартты", - дейді Нұрболат Мақашев.

Бұған дейін белгілі волонтер Құрмет Талапқазы Павлодар облысына арнайы келіп, мал азығының алғашқы легін әкеткен болатын.

"Бізге Успен ауданының аумағынан шамамен 3 мың гектар жер берілді. Еріктілер екі апта аралығында шөп шауып, жиналған мал азығын батыс аймақтарға жөнелтті", - деген еді Құрмет Талапқазы.

Айта кетейік, Павлодар облысында 1,7 млн гектар шабындық жер бар. Осы уақытқа дейін шаруалар шамамен 1 млн тонна мал азығын жинады.

Ажар Дәулетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу