Павлодарлық шаруалар мемлекетке жарты миллиард теңге шығын келтірді

Олар қазына қаржысын жеке басының қамы үшін жұмсаған.

Павлодарлық шаруалар мемлекетке жарты миллиард теңге шығын келтірді Фото: biz.kz

Бүгінде мемлекет тарапынан агроөнеркәсіптік кешен саласын дамытуға ниетті шаруаларға мол мүмкіндік қарастырған. Солардың бірі – субсидия бөлу. Алайда, Павлодар облысындағы кейбір кәсіпкерлер оны қалтасына басқан, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жергілікті прокурорлар аталмыш саладағы бірқатар былықтың бетін ашты. Нәтижесінде, өңірде ауыл шаруашылығын дөңгелетіп отырған кейбір бизнес өкілдерінің қитұрқы әрекеттері анықталды.

Атап айтқанда, олар мемлекеттен бөлінген 500 млн теңгені мақсатсыз пайдаланған. Мәселен, екі шаруа техника аламыз дегенді алға тартып, барлығы 132 млн теңге көлемінде субсидия алған. Бірақ бұл қомақты соманы әу баста көрсеткен мақсаты, яғни жұмысты ширатуға керек техника сатып алуға емес, өзге бағытта жұмсаған болып шықты.

"Белгілі болғандай, өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мақсатты индикаторлары орындалмай отыр. Бұл саланы мемлекеттік реттеуде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар. Жекелеген жағдайларда жоғары нәтижелерді көрсету үшін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға қатысты есеп мәліметтері өзгертіледі. Шын мәнінде субсидия беру ісі атүсті өтініш қабылдау мен бюджет қаржысын бөлуден ғана тұрады. Осындай заңсыз әрекеттердің салдарынан мемлекетке шамамен 500 млн теңге көлемінде шығын келіп отыр", – деп хабарлайды прокуратура өкілдері.

Прокуратура облыстық әкімдікке кемшіліктерді жоюға қатысты ескерту жолдады.

Сондай-ақ, процессуалды шешім қабылдау үшін тиісті материал жиналып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу