Ұлттық экономика министрлігінің бұйрығына сәйкес, картоп биржалық тауарлар тізіміне енген. Соған сәйкес, өнімнің бұл түрін 60 тоннадан астам көлемде сатқан жағдайда міндетті түрде тек тауарлық биржа арқылы саудалануы тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Сауда-саттықтың ашықтығын, нарық қатысушыларының тең мүмкіндігін және бағаның негізсіз өсуінің алдын алу үшін осындай талап қабылданған болатын. Алайда Павлодар облысындағы шаруа қожалықтарының бірі бұл ережені елемеген болып шықты. Мұны Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі облыстық департаментінің мамандары анықтады.
Белгілі болғандай, шаруашылық бірден 812 тонна картопты биржаны "айналып" өтіп сатқан. Яғни, биржалық сауда міндеттерін орындамаған. Сондықтан шаруа қожалығына қатысты 13 әкімшілік хаттама толтырылды. Кәсіп иесі бұл шешіммен келіспей, сотқа арыз түсірген еді. Бірақ сот та шаруаның әрекеті бұрыс болды деп ұйғарды. Сөйтіп, биржадан тыс картоп сатып, табыс таппақ болған кәсіпкер керісінше 3 млн 935 мың теңге айыппұл төлеуге мәжбүр болды.