Павлодар облысында жыртқыш құс саналатын суқұзғындардың қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Өзен-көлдегі балықтармен қоректенетін олар кәдімгідей қауіп төндіре бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қоршаған ортаны қорғауға жауапты мамандардың есептеуі бойынша, Ертіс өзені бойындағы суқұзғындардың саны 15 мыңнан асып отыр. Павлодар облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының мәліметінше, бұл құс тәулігіне орта есеппен 150-400 грамм балық жейді. Бүгінде олардың саны күрт көбейгенін ескерсек, тәулігіне 5 тоннаға дейінгі балықты қорек етеді. Бұл өз кезегінде ресурстарға кері ықпал етіп, паразитарлық аурулар да белең алды.
Басқарма мамандары қауіптің бетін сейілту үшін құстар санын реттеуге мән бермек. Соның аясында биыл ары кетсе 680 дарасын ғана қалдыруды көздеп отыр. Бұл ретте жұмыртқаларды өңдеу ісі қолға алынбақ. Себебі бұған дейін қолданылған ұяларды босату әдісі айтарлықтай тиімді бола қойған жоқ. Мұндайда суқұзғындар орындарын өзгертіп, жаңа топтар құра бастайды. Ал жұмыртқаларды өңдеу кезінде оттегінің келуіне кедергі келтіретін құрам жағылады. Сол арқылы эмбриондардың дамуы тоқтайды.
"Барлық шара ғылымға негізделіп бекітілген және қатаң түрде шектелген жоспар негізінде жүргізіледі. Бүгінде орынды түрде реттеу мен күшейтілген бақылау оңтайлы әдіс болып отыр", – деп мәлімдеді мамандар.
Торайғыров университетінің профессоры Зарина Серғазинованың айтуынша, үлкен суқұзғындардың көлемі қаз сияқты. Ал денесінің ұзындығы 90 сантиметрге, қанатының ұзындығы бір жарым метрге дейін жетеді. Жыртқыштар жеген балық 3-5 сағатта тек жартылай қорытылатын көрінеді, сондықтан олар "тойған" жерінде көп тоқтайды.
Биыл суқұзғындардың мамырдан қараша айына дейінгі санына бақылау жасалмақ. Ал оларды тек ғылыми мақсатта, яғни популяцияның жағдайын бағалау үшін атуға болады.