Павлодарлық тұрған бұрынғы әйелін көлігімен қасақана қағып, мүгедек қылған

272

Аталған оқиғадан кейін келіншектің бір аяғына ампутация жасалған.  

Павлодарлық тұрған бұрынғы әйелін көлігімен қасақана қағып, мүгедек қылған Фото: ortomedica.ua

Павлодарда әйелін көлікпен қасақана қағып, денсаулығына ауыр зиян келтірген 41 жастағы ер адам сот алдында жауап берді. Сотта айыпталушы кінәсін толық мойындады, деп жазады inbusiness.kz сайты Pavlodarnews.kz порталына сілтеме жасап.

Сотта Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлімі, 99-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қаралды.

Іс материалдарына сүйенсек, екеуі тамақ сататын павильонға жол тартқан бойда жанжалдасқан. Әйел көліктің салонынан шығып, павильонға қарай жүгірген кезде айыпталушы көлікті оған қарай бағыттап, әдейі қаққан. Оқиғадан кейін жәбірленушінің бір аяғына ампутация жасалды. Ол бірнеше ай төсекке таңылып, ауруханада жатты.

Барлық айғақ пен дәлелдемені зерттеу барысында сотталушының кінәсі, яғни, кісі өлтіруге оқталу дерегі дәлелденді.

"Қорғаушы тарап сотқа автокөліктің ақауы болғанына сендіруге тырысты. Бірақ арнайы маман машинаның техникалық тұрғыда жарамды күйде екенін растады. Газ педалы және тежегіштен ақау анықталған жоқ", – деді судья Құдабай Солтанов.

Сарапшының айтуынша, павильоннан түсірілген бейнежазбаның кадрларында автокөліктің әйелге қарай бағытталғаны айқын көрінеді. Сондай-ақ ол соққыдан кейін әйелдің жағдайына мән бермей, бірінші кезекте көлікке алаңдаушылық білдіргені де сотта ескерілді.

Жәбірленушінің материалдық және моральдік зиянды өтеу туралы талабы ішінара қанағаттандырылды. Әйелдің пайдасына 1 212 160 теңге материалдық өтемақы, 15 млн теңге көлемінде моральдық шығын өндіріп алынуы керек.

"Сот ер адамды 24-бабының 3-бөлімі, 99-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп тану және оған орташа қауіпсіздік қылмыстық атқару жүйесінің мекемелерінде жазасын өтей отырып, 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау туралы үкім шығарды", – деді судья.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу