Павлодар облысының командасы алғаш рет Ұлттық лиганың бас жүлдесін қанжығасына байлады. Олар шешуші сайыста былтырғы чемпион – "Атырау" командасынан басым түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Қазақстан волейбол федерациясының хабарлауынша, Игорь Никольченко шәкірттері тартысты бәсекеде қарсыластарынан басым түсті. "Атырау" ойыншыларымен өткен кездесуде ойын бес партияға дейін жалғасты. Тай-брейкте алаң иелері – "Павлодар" құрамасы екі рет алға шығып, алтын медаль иеленді. Осылайша, өз тарихында алғаш рет чемпион атанды.
Жеңімпаздарды Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтады. Сондай-ақ, өңірдің бұрынғы басшысы, облыстық волейбол федерациясының жетекшісі Әбілқайыр Сқақов салтанатты шараға қатысып, павлодарлық клубқа ізгі тілегін білдірді.
Ал қыздардан құралған волейбол тобы турнирді төртінші орынмен аяқтады. Олар ең жас құрам болғанына қарамастан, плей-офф кезеңіне дейін жетті.