Павлодар облысының тұрғыны алаяқтарға 5 млн теңгесін аударып, кейін оны еселемек түгілі, сол соманың өзін қайтара алмады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, зейнеткер әйел интернетте инвестициядан мол табысқа кенелуді насихаттаған жарнаманы көзі шалып қалған. Кейін сондағы сілтеме арқылы өтіп, сайтта тіркеліп, бұған дейін жиған-тергенінің барлығын салған. Бес миллион теңгені инвестициялық кірісімен бірге қайтармақ болғанда компанияның "маманы" байланысқа шығуды қойып, тұрғын ақшасыз әрі уәде етілген табыссыз қалды.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, бұл – өңірде тіркеліп отырған алғашқы жағдай емес. Осыған ұқсас инвестициялық схемадан 80-нен астам адам зардап шегіп, сан соғып қалды.
Бұл ретте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі егде жастағы азаматтар қаржылық алаяқтық мәселелерінде ең осал топтардың бірі екенін алға тартты. Бұл олардың сенгіштігіне, цифрлық сауаттылықтың жеткіліксіздігіне және тексерілген ақпаратқа шектеулі қолжетімділікке байланысты. Сондықтан зейнеткерлерге телефон арқылы дербес және банктік деректерді, оның ішінде карта нөмірін, оның қолданылу мерзімін, CVV-кодты, SMS кодтарын және онлайн-банктен логиндерді хабарламауға кеңес беріледі.
Егде жастағы адамдардың туыстары мен жақындары әдеттегі алаяқтық схемалары туралы үнемі айтып, цифрлық сервистерді қауіпсіз пайдалануды игеруге көмектескені де дұрыс.