Өткен жылдың шілде айында жеткіншектер арасындағы қатыгездік тұтас елдің жағасын ұстатқан еді. Мектеп оқушылары өз қатарласын үш сағат бойы ұрып, киімін шешіп алып, зәбір көрсеткен. Балалар арасындағы мұндай қатыгездік қоғамдық резонанс тудырды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Былтыр жазда облыс орталығындағы №9 мектеп-гимназия оқушылары білім ордасының жанындағы стадионға сол мектепте бірге оқитын шәкіртті апарып, аяусыз зәбір көрсеткен. 10-12 оқушыдан тұратын топ әлгі баланы стадионның бір бұрышына апарып, үстіне түкіріп, мұрнын сындырып, киімін шешіп, шешкен киімнің барлығын қоқысқа лақтырып, үстіне шығып секіріп, аяқпен де, қолмен де ұрып, мұның барлығын видеоға түсірген. Олардың ішінде қыздар да бар. Тіпті, оны соққыға жыққан ұлдардың бірімен төбелесуге шақырған. "Не төбелесесің, не саусағыңды кесеміз" деген талап та қойған. Зәбір көрген бала төбелесуді таңдап, есесін жіберген. Сондықтан оны жеңілгені үшін тағы 100 мың теңге беруге міндеттеген. Арада үш сағат өткен соң ғана зәбір көрген баланың достары оны тауып алып, жедел жәрдем шақырған.
Бұл жайт қоғамның, әсіресе сол мектептегі балалар ата-аналарының наразылығын тудырды. Соққының астында қалған бала ауруханада емделіп, кейін оған депутаттар спорт залында тегін жаттығуға, басқа да жанашыр жандар мектепке дайындалуға, психологиялық кеңестен өтуге көмектесті. Ал әлгі зәбір көрсеткендердің ата-аналары кешірім сұраудың орнына "Біздің балаларымызға түрлі адамдар қоқан-лоққы көрсетуге көшті" деп шағымданды. Бұл көпшіліктің ашуын одан әрі ушықтырды. Ал жергілікті билік буллингке қарсы шараларды күшейтуге кіріскендей болды.
Жарты жылдан астам уақытқа созылған қылмыстық істің нүктесі бүгін қойылды. Бүгін кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша мамандандырылған сот екі оқушыны алдын-ала келісіммен топпен адам денсаулығына ауыр зиян тигізгені үшін жауапқа тартты. Екі жеткіншек өз кінәларын ішінара ғана мойындады. Нәтижесінде екеуі де алты жылға бас бостандығынан айырылды. Олар бұл уақытты кәмелеттік жасқа толмағандарға арналған орташа қауіпсіздіктегі түзету мекемесінде өткізетін болды. Ал, олардың ата-аналары жәбірленушіге 3 млн теңге төлеуге міндеттелді.
Сот шешімі әзірше заңды күшіне енген жоқ.