Павлодарлықтар 2,5 млрд теңге көлік салығын төлеуі тиіс

Алайда үштен бірі жылдар бойы аударылмай келеді. 

Павлодарлықтар 2,5 млрд теңге көлік салығын төлеуі тиіс Фото: inbusiness.kz

Павлодар облысының тұрғындары көлік және мүлік салығын төлеуге аса бейілді емес. Мұндағы азаматтардың аталған салық түрлері бойынша жылдар бойы жиналған берешегі 1 млрд теңгеге таяп қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жергілікті мемлекеттік кірістер департаментінің есептеуінше, бір жылда темір тұлпар тізгіндеген тұрғындар ел қазынасына 2,5 млрд теңге төлеуге міндетті. Алайда бұл соманың барлығы бірдей бюджетке түсіп жатқан жоқ. Керісінше, қарыз көлемі көбейіп келеді. Айталық, биыл жыл басында көлік салығы бойынша берешек 600 млн теңге көлемінде болған-ды. 1 сәуірден кейін бұл сома 1,5 млрд теңгеге дейін көбейді. Бүгінде бұл сома 732 млн теңгеге дейін азайтылды. Десе де, бірнеше жыл қатарынан берешегін өтемей жүрген әлі де бар. Тіпті, кейбірінің қарызы 8 млн теңгеге дейін жеткен.

"Бүгінде 14 621 тұрғынның көлік салығы бойынша барлығы 732 млн теңге берешегі бар. Яғни, жоспарлы көлемнің 28%-ы қазынаға түскен жоқ. Оның ішінде 12 мыңнан астам адамның салықты төлемегеніне бірнеше жылдың жүзі болды. 20 адам проблемалық тізімге алынды. Олар 2 млн теңгеден 8 млн теңгеге дейін көлік салығын қарыз", - дейді Павлодар облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов.

Маманның айтуынша, салық органдарының қолында борышкерлерден берешекті өндіріп алатын тікелей тетік жоқ. Салықтың қарызы 1 айлық есептік көрсеткіштен асқан жағдайда ғана іс жеке сот орындаушыларына өтетін көрінеді. Жыл басынан бері сот орындаушылардың қарауына 10 126 салық бұйрығы жіберілді. Сөйтіп, олар 1,5 мың азаматтың тұрғын үйін, 4 мың адамның банктегі жеке шотын бұғаттап, 19 көлікті айыптұрағына қойды. Содан соң ғана сең қозғалып, кейбірі берешегін төлей бастады. Бірақ ондай мүмкіндігі жоқ азаматтар да бар.

"Проблемалық борышкерлердің кейбірі тіркелген мекенжайында тұрмайды, енді бірі шетелге қоныс аударған. Сондай-ақ, борышкерлердің арасында жазасын өтеушілер, жұмыссыздар, зейнеткерлер бар. Кейбіреуінде салық салынатын көлік қолданыста болмаса да, әкімшілік полицияның тіркеуінде тұр. Қарызды толығымен өтемесе, оны тіркеуден шығара алмайды. Осындай кедергілер жиналған қарызды қайтаруға мүмкіндік бермей отыр", - дейді Ерболат Ғаббасов.

Мүлік салығын төлеуде де жоғары белсенділік байқалмайды. Бір жылда павлодарлықтар жалпы 330-340 млн теңге көлемінде мүлік салығын төлеуі керек. Бірақ былтырдан бері 24 мыңнан астам тұрғын жалпы сомасы 67,8 млн теңге болатын міндетті төлемді аударған жоқ.

Жалпы, жеке тұлғалардан түсетін көлік пен мүлік салығы жергілікті бюджеттің небары 0,9%-ын құрайды. Былтыр облыстың қазынасына 272 млрд теңге түссе, соның тек 2,5 млрд теңгесі – жеке тұлғалардан түскен салық сомасы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу