Павлодарлықтар аптап ыстықта сусыз қалды

Қалада судың қысымы күрт төмендеді. 

Павлодарлықтар аптап ыстықта сусыз қалды Фото: Esquire.kz

Облыс орталығының тұрғындары жарты күн бойы суға жарымай отыр. Жұрт дүкендерден жаппай су сатып ала бастады. Ал коммуналдық апаттың қай уақытта жойылары әзірше нақты белгісіз, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бүгін таңертең Оңтүстік су жинау аумағындағы сорғы станциясы сөніп қалып, Павлодар қаласына берілетін судың қысымы күрт азайды. Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, сорғы станциясының істен шығуына электр желісіндегі кернеудің тұрақсыздығы себеп болған.

Қазіргі уақытта қаланы сумен қамтуға жауапты "Павлодар Водоканал" ЖШС мен апаттық бригада сорғы станциясын қайта қосып, су беру параметрлерін ретке келтіру ісімен айналысуда. Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, қала әкімдігі мен коммуналдық мекемелер басшылығы оқиға орнында жағдайды бақылауға алды.

Қалпына келтіру жұмыстарын атқару кезінде көпқабатты тұрғын үйлерге, басқа да нысандарға берілетін су көлемі азаяды. Ал саяжайларға жіберілетін су уақытша тоқтатылады.

"Павлодар-Водоканал" ЖШС мәліметінше, сағат 18.00-ден соң қалалық желідегі су қысымы көтеріле бастайды. Қысым сағат 23.00 шамасында толығымен реттеледі деген болжам бар.

Оған дейін қала жұртшылығына аптап ыстықта сусыз амалдауға тура келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу