Павлодар облысының ауылшаруашылық тауарларын өндірушілері елордаға жеткізілген 465 тонна өнімдерін толық сатты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Облыстық әкімдіктегі аппараттық жиында Астанадағы жәрмеңкенің ұйымдастырылуы мен қорытындысы шығарылды. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Махажанов жеткізген тауардың 40 пайызы жәрмеңке ашылғаннан кейін алғашқы сағатта сатылып кеткенін, оған әлеуметтік желілер мен елордалық БАҚ-ғы жарнаманың көмектескенін айтты.
"Болашақта қазіргіден де көп күш жұмсауды талап ететін тұстар да бар, - деді әкім орынбасары. – Мысалы, жергілікті полиция қызметіне байланысты сауда жасауға рұқсат құжаттары жоқ үшінші тұлғалар өз тауарларын павлодарлық деп сатқан жағдайлар болды. Сондықтан жәрмеңкеде қызмет атқаратын жеке құрамның санын арттыруды сұраймын".
Сонымен қатар, Астанада саудалауға павлодарлықтар 120 ұсақ және ірі қара малдың тұтас етін әкелгенімен тұтынушылардың барлығына жетпеді.
"Жалпы, сатып алушылардың бағаға, тауар сұрыптарына және сапасына көңілдері толды, - деді Дәурен Махажанов. – Біздің сатушылардың көңіл күйлері де жоғары болды. Өйткені бірінші сағатта өнімдерінің 40 пайызы сатылып кетті. Өткен жылы тауарларының кейбір бөліктерін кері алып қайтқан болатын".
Бір айдан кейін павлодарлық ауылшаруашылық тауарын өндірушілер Астанада тағы бір жәрмеңке ұйымдастыруға дайын. Елорда тұрғындары "Павлодарда жасалған" маркалы өнімдерге қазан айының 13-14 күндері қол жеткізе алады.