Павлодарлықтар декларация тапсыруға асығар емес

Облыста төмен көрсеткіштердің бірі тіркеліп отыр. 

Павлодарлықтар декларация тапсыруға асығар емес Фото: Ведомости

Ел азаматтарының бір бөлігі соңғы бірнеше жыл бойы жалпыға бірей декларация тапсыруға міндетті екені белгілі. Айталық, биыл заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруы тиіс, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Алайда Павлодар облысының азаматтары декларацияның үшінші кезеңін толтыруға аса құлықты емес. Айталық, аймақ бойынша барлығы 69 426 адам құжатты тапсыруға тиісті болғанымен, бүгінде оның тек 42%-ы табысына қатысты мәселелерді көрсетті.

"Аудандар арасындағы көрсеткіш 70-80%-ға дейін жетеді. Ал облыс орталығының өзінде тұрғындардың бар-жоғы 25%-ы декларация тапсырды. Бұл белсенділіктің төмен екенін көрсетеді", - дейді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы Ерболат Ғаббасов.

Белгілі болғандай, декларацияның уақытылы тапсырылмауына түрлі жайт себеп болып жатады. Мәселен, бұған дейін мемлекеттік қызметте еңбек етіп, кейін коммерциялық салаға ауысқан маман 270-формадағы декларацияны тапсыруы керек. Себебі бұған дейінгі кезеңнен өткен болатын. Бірақ көпшілік мұны білмей, міндетке немқұрайлы қарайтын көрінеді.

Ал оны 15 қыркүйекке дейін тапсырмаған жағдайда айыппұл арқалауы әбден мүмкін. Егер адам декларацияны мүлдем тапсырмаса немесе мерзімін бұзса, алдымен оған ескерту жасалады. Жағдай қайталанса, 15 айлық есептік көрсеткіш, яғни 55 380 теңге көлемінде айыппұл салынады. Егер ақпарат толымды емес немесе мүлдем бұрыс болса, 3 АЕк – 11 076 теңге айыппұл қарастырылған.

Павлодар облысындағы жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша жұмыс та сылбыр жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін өңірдің 4 мыңға жуық тұрғыны өзін төлем жасауға қабілетсіз ретінде тану үшін өтініш қалдырса, бүгінде тек 517 өтініш қанағаттандырылған. 2,9 мың тұрғынның өтініші соттан тыс банкроттық талаптарына сай келмеуі себепті кері қайтарылды. Тағы 140 адам өтінішті өздері қайтарып алды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу