Павлодарлық дзюдошылар Қарағанды облысында жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан чемпионатынан төрт медаль алып келді, деп xабарлайды pavlodarnews.kz.
Дарынды балаларға арналған спорт интернатының жаттықтырушысы Бауыржан Тұрсынxанбетовтың сөзінше, аталмыш жарыста 15 бала өңір намысын қорғаған. Оның тоғызы - ұл балалар болса, алтауы - қыздар.
"Дзюдо күресінен Қазақстан чемпионаты 2001-2003 жылдар аралығында туған жасөспірімдерді қабылдады. Еліміздің әр түкпірінен 300-дей спортшы жиналды. Нәтижесінде 38 келі салмақ дәрежесінде белдескен Глеб Жданов екінші орынды, 60 келі салмақта палуан Бауыржан Ниязов үшінші орынды қанжығалап қайтты", - дейді Бауыржан Тұрсынханбетов.
Бұдан басқа, қыздар арасында 38 келі салмақ дәрежесінде күрескен Маруана Әкімова мен 63 келіде Виктория Ли үшінші орынды иеленді. Жүлдегер спортшылардың барлығына спорт шеберлігіне үміткер дәрежесі берілді.