Павлодарлықтар соңғы екі жылда шетелден екі көлік қана әкелген

850

Павлодарлықтар соңғы екі жылда шетелден екі көлік қана әкелген

Павлодар облысына 2016-2017 жылдары екі-ақ темір тұлпар: "Tesla" және "Porsche Cayenne" әкелінген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде "Павлодар облысында кедендік әкімшілендірудің басты бағыттары" тақырыбында өткен баспасөз конференциясында мемлекеттік кірістер департаменті кедендік бақылау басқармасының басшысы Тілектес Түсетаев мәлім етті, деп хабарлайды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

"2017 жылдың 1-қыркүйегінен бастап импорттық баж салығын төмендету бойынша өзгеріс енгізілді. Бұл жағдай курстың жоғары болуы мен баж салығына байланысты орын алып отыр. Мәселен, 2016 жылы импорттық баж салығы 23 пайыз болса, қазіргі таңда 20 пайызды құрайды. ДСҰ-ның ставкасы бойынша сыртқы экономикалық қызмет қатысушысы 19 пайызбен шетелден көлік әкеле алады, дегенмен оны бес жылдың ішінде сатуға тыйым салынады. 2012 жылы темір тұлпарға төленетін кедендік баж салығы 35 пайыз болған. Дүниежүзілік сауда ұйымына енгеннен кейін біз өзімізге жоспар бойынша кедендік баж салығын 15 пайызға дейін төмендету міндетін алдық", - дейді басқарма басшысы.

Спикердің айтуынша, шетелден темір тұлпарларды тасымалдаудың тоқтауына 2015 жылы 25-желтоқсаннан бастап қалдықтарды жинау және алғашқы тіркеуге алуды енгізу себеп болған. Автокөліктердің қозғалтқыш көлемі 1000-2000 текше см болған жағдайда 794 мың теңге, 2000-3000 текше см. болса, 1 миллион 134 500 теңге қарастырылған. Ал, қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден жоғары көліктердің иелеріне 2 миллион 635 мың теңге төлеуге тура келеді. Бұған қоса, алғашқы тіркеу үшін төлем құны көліктің шығарылған жылына байланысты болмақ.

"Сондықтан шетелден көлік әкелу тиімсіз. Осыған байланысты көпшілік отандық көлік өндірушілерді таңдайды. Осыдан екі жыл бұрын Еуразиялық экономикалық одақтың келісімшартына сәйкес қалдықтарды жинау және алғашқы тіркеу болмаған. 2015 жылы рубльдың курсы құлаған кезде жұртшылық Ресейден жаппай көлік әкелгені белгілі. Дегенмен қазіргі таңда ішкі нарықтағы көлік саудасы жанданған", - дейді Тілектес Түсетаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу