Павлодар облысының жұмыс берушілері мен жеке кәсіпкерлері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша 8,6 млрд теңге төледі, деп хабарлайды "ӘМСҚ" КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалы.
Өңірде қалалар арасында Павлодар (62,3%) көш бастап тұр. Аудандардан – Баянауыл (2,6%), Шарбақты (1,3%) және Павлодар аудандары (1,2%) үздіктер қатарында.
"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Айдар Ситказиновтың айтуынша, 2017 жылғы 1 шілдеден бері барлық жұмыс берушілер өз жұмыскерлері үшін қаржы аударып келеді. Жеке кәсіпкерлер де қарамағында жұмыскерлері болса, төлейді. Жинақталған қаржы Ұлттық банкте сақталады.
Қорға барлығы 186,2 млрд теңге жиналды, оның 177,4 млрд теңгесі жұмыс берушілердің аударымдары болса, қалған 8,8 млрд теңге – жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін тұлғаларға тиесілі.
2020 жылға дейін жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін сақтандыру төлемдерін аударады. Төлем жұмыскер кірісінің 1,5% құрайды. Ал келесі жылдан бастап аударымдар мен төлемдерді жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығы басшылары, жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар, жалға жұмыс істеушілер, ерікті төлемшілер және мемлекет жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін төлем жасайды.