Әлемдегі ең ірі дебеттік электрондық төлем жүйесі саналатын PayPal АҚШ-тағы тұтынушыларына онлайн дүкендерде криптовалюта арқылы төлем жүргізуге рұқсат берді, деп хабарлайды Inbusiness.kz порталы Reuters агенттігіне сілтеме жасап.
Bitcoin, Lightcoin және басқа да электронды валюталарға көптеген мемлекеттердің қаржылық билігі қарсы болып отыр. Бірақ Paypal дәстүрлі валюталарға комиссиясыз еркін айырбастау арқылы, криптовалюталарды мойындады. Компания өкілдерінің айтуынша,әзірге сервис іске қосылмады, бірақ алдағы айларда жұмысын бастайды.
Қазан айында Paypal АҚШ-тағы тұтынушыларына криптовалютаны комиссиясыз сатып алуға және сатуға мүмкіндік берген еді. Сол уақытта криптовалюта арқылы төлем жүргізуге рұқсат беретінін жариялаған болатын.
Еске сала кетсек, бұған дейін Tesla басшысы Илон Маск электрокарларды биткоинға сата бастайтынын айтқан еді. Бұл бастама әзірге тек АҚШ-та жүзеге асады, бірақ жыл соңына дейін әлемнің барлық елдерінде осындай қызмет іске қосылады.
Табиғат Нұрболат