Мұғалімнің сөзінше, қоғамда кішкентайлардың қорғансыздығын пайдаланып, аузына келгенін айтатындар бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Толқын Батырбайқызы мұны видеоүндеуінде ашық айтып әрі түсінікті жеткізген. Педагог оқушыларға қоғамдық көлікте орын бермегені үшін дөрекі ескерту жасамауды сұрайды. Бұған басты себеп, жуырда өзі де тап осындай жағдайдың куәгері болған.
Оқушы қыз автобуста орын бермегені үшін үлкен кісіден сөз естіген. Ол кішкентай балаға "көргенсіз, неге тұрып орын бермейсің, үлкенді көрмейсің бе?" деген сынды ауыр сөздер айтқан.
– Қоғамдық орындарда балалардың кішкентайлығын пайдаланып, неше түрлі нәрсені айтуды тоқтатыңыздар, үлкендер! Кішкентай оқушыларға тиісуді қойыңыздар. Балалар – біздің болашағымыз. Оларға мейіріммен қарайық, – деп сөзін түйіндеді ол.
Педагог осындай сәттерде баланың сабақтан шаршап келе жатуы мүмкін екенін алға тартады. Немесе тағы бір себеп, ауыр сөмке көтеру шаршатып, сабақтағы қиындық әсер етуі ықтимал және ауырып тұруы да мүмкін екенін қоса кеткен. Сол себепті, үлкендерді ең алдымен кішкентай балаларға сабырмен өтініш айтуға шақырды. Қандай жағдай болса да, оларға қатты сөйлемеу керегін тағы еске салған.