Педагогтардың бәрі бірдей мүмкіндігі шектеулі баламен жұмыс істей алмайды

Елімізде арнайы қолдауға мұқтаж балаларды оңалтуға арналған 500-ге жуық білім беру ұйымы бар.  

Педагогтардың бәрі бірдей мүмкіндігі шектеулі баламен жұмыс істей алмайды Фото: Үкімет

Ал, мүгедек балалармен 9 мың педагог жұмыс істейді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Мүгедектігі бар жандарды оқыту туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев баяндама жасады. Оның айтуынша, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация есебінде 203 мың мүгедектігі бар бала тұр, оның ішінде мектеп жасына дейінгі балалар саны – 66 мың, ал мектеп жасындағы балалар – 137 мың.

– Арнайы қолдауға мұқтаж балаларды оқыту, тәрбиелеу, оңалту 496 мамандандырылған білім беру ұйымында жүзеге асырылады. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды оқыту үшін мектепке дейінгі ұйымдардың 69%-на, мектептердің 88%-на, колледждердің 80%-на жағдай жасалған. Мектептерде 1071 арнайы жабдықталған кабинет бар. Мүмкіндігі шектеулі балалармен қазіргі таңда 9 мың арнайы педагог жұмыс істейді. Мектепке дейінгі ұйымдарда да "педагог-ассистент" лауазымы енгізілуде, – деді министр.

Баяндамаларды толық тыңдап шыққан ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов ерекше балалармен жұмыс істейтін педагогтерді даярлауды қос министрлікке шегелеп тапсырды. 

– Педагогтердің бәрі бірдей мүгедектігі бар балалармен жұмыс істей аламайтыны жасырын емес. Ондай санаттағы балалардың білім алуы үшін үлкен мектептерді бейімдеу де – күрделі шаруа. Оқу-ағарту және Ғылым және жоғары білім министрліктеріне ерекше қабілеті бар балалармен жұмыс істейтін педегогтерді даярлау мәселесін түбегейлі жақсартуды тапсырамын, – деді Үкімет басшысы. 

Сондай-ақ, ол инватакси қызметіне көңілі толмайтынын да жеткізді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу