Педагогтерді артық жұмысқа тартқандарға әкімшілік жауапкершілік күшейеді

1200

Құжат аясында бірқатар кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізіледі. 

Педагогтерді артық жұмысқа тартқандарға әкімшілік жауапкершілік күшейеді Фото: gov.kz

Сенаттың жалпы отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң мен оға ілеспе түзету мақұлданды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Заңдардың негізгі мақсаты – заңнамалық деңгейде педагогтардың құқықтарын қорғау үшін құқықтық жағдайлар жасау және олардың мәртебесін арттыру, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру. Сонымен қатар педагогтерді өздерінің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту көзделеді", – деді сенатор Талғат Жүнісов.

Заң аясында бірқатар кодекстер мен заңдарға өзгерістер енгізіледі. Атап айтқанда, "Неке және отбасы туралы" кодексіне ата-аналардың балалардың денсаулығы, өмірі мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілігін нақтылайтын норма енгізіледі. Бұл – бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлін күшейтуге бағытталған маңызды қадам.

"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодекске "дәрігер-интерн" ұғымы енгізіліп, интернатура қызметін құқықтық реттеу күшейтіледі. Сонымен бірге уәкілетті органның құзыреті кеңейтіледі.

"Бюджет кодексіне халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жобалар конкурстарына, спорттық жарыстар мен кәсіби шеберлік байқауларына қатысатын оқушыларды қолдауға республикалық бюджет қаражатын бағыттау жөніндегі норма енгізіледі. "Білім туралы" Заңға сәйкес педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша студенттерді қабылдау мен ауыстыруға қойылатын талаптар күшейтілді. Сонымен қатар "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" Заңға кәмелетке толмағандарды педагогикалық сүйемелдеу тетіктері енгізіледі", – деп атап өтті Сенат депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу