Педагогтерді аттестаттау қағидалары жаңартылды

472

Оқу-ағарту министрінің 2026 жылғы 3 шілдедегі бұйрығымен педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына бірқатар өзгеріс енгізілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Педагогтерді аттестаттау қағидалары жаңартылды Фото: ca.pinterest.com

Жаңартылған құжатқа сәйкес, аттестаттау тәртібі Еңбек кодексі, "Білім туралы", "Педагог мәртебесі туралы" және мемлекеттік қызметтерді көрсетуге қатысты заңдардың талаптарына сай жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, "біліктілік санаты" ұғымының жаңа редакциясы бекітілді. Енді ол педагогтің кәсіби құзыреттілік деңгейін кәсіптік стандарттар мен лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптарына сәйкес айқындайды.

Өзгерістерге сәйкес, "педагог-модератор" және "педагог-сарапшы" санаттарына мемлекеттік қызмет арнайы платформа арқылы көрсетіледі. Ал "педагог-зерттеуші", "педагог-шебер", сондай-ақ білім беру ұйымдары басшылары мен олардың орынбасарларының біліктілік санаттарына өтініштер "Цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы қабылданады.

Аттестаттаудан өту үшін мынадай құжаттар қажет:

өтініш;

білімі туралы диплом (цифрлық жүйеде мәлімет болмаған жағдайда);

қайта даярлау курсынан өткені туралы құжат (бар болса);

еңбек өтілін растайтын құжат (цифрлық жүйеде мәлімет болмаған жағдайда);

біліктілікті арттыру курстарының сертификаты;

қолданыстағы біліктілік санатын растайтын куәлік пен бұйрық (бар болса);

кәсіби жетістіктері мен тәжірибесін дәлелдейтін материалдар;

білім алушылардың жетістіктерін растайтын құжаттар;

көлемі 250–300 сөз болатын эссе.

Ал жеке куәлік, білімі және еңбек өтілі туралы мәліметтер мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінен электрондық үкімет арқылы автоматты түрде алынады.

Педагог-модератор" мен "педагог-сарапшы" санаттарына үміткерлердің құжаттары платформада қалыптастырылады. Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету кезеңдері туралы мәліметтер цифрлық мониторинг жүйесіне енгізіліп отырады.

Қағидаларға өзгерістер енгізілген жағдайда, уәкілетті орган мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде бұл туралы ақпаратты "Цифрлық үкімет" операторына, қызмет көрсетушілерге және Бірыңғай байланыс орталығына жолдайды.

Педагогтердің білімін бағалау нәтижелері бойынша қалыптасатын цифрлық деректер базасы бес жыл бойы сақталады.

Аттестаттау жылына бір рет өткізіледі. Өтініштерді қабылдау мерзімін білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілейді. Ал қызмет нәтижелерін кешенді бағалау мен қорытындылау жұмыстары оқу жылының қаңтар-тамыз айлары аралығында жүргізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу