Вице-премьердің мәлімдеуінше, педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларына сараптамалық қорытынды беру Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізілген.
Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі курстар бағдарламаларының сапасын арттыру, сараптама рәсімінің объективтілігі мен ғылыми негізділігін қамтамасыз ету мақсатында бұл функцияны Республикалық білім беру мазмұнын сараптау ғылыми-практикалық орталығының құзыретіне беру мәселесін пысықтап жатыр. Осыған байланысты қолданыстағы қағидаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде білім беру бағдарламаларына ақылы негізде сараптама жасау тетігі де қарастырылған.
Аталған мемлекеттік қызмет "Электрондық үкімет" порталымен интеграцияланып, министрліктің ресми интернет-ресурсы арқылы көрсетілетін болады.
Сондай-ақ педагогтердің меңгерген құзыреттерін практикада қолдануын бақылау және біліктілікті арттыру ұйымдарының оқыту нәтижелері үшін жауапкершілігін күшейту мақсатында курстан кейінгі сүйемелдеу тетігі жетілдіріледі. Министрлік бұл процесті LMS-платформаға енгізуді жоспарлап отыр. Онда педагогтердің құзыреттерді қолдану дәлелдерін орналастыру, кәсіби қажеттіліктерін диагностикалау құралдарын кеңейту, жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып сабақ жоспарлау бойынша кері байланыс беру, сондай-ақ педагогтердің кәсіби қызметінің нәтижелерін мониторингтеу көзделген. Бұл сабақтарға бақылау жүргізу мен білім алушылардың оқу нәтижелеріне әсерін бағалауды қамтиды.
Аида Балаеваның айтуынша, аталған шаралар біліктілікті арттыру ұйымдары жүзеге асыратын бағдарламалардың тиімділігі үшін жауапкершілікті арттыруға бағытталған. Қазіргі уақытта министрлік Жоғары аудиторлық палатаның пәндік құзыреттер бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға мемлекеттік бақылауды күшейту жөніндегі нұсқамасын орындау аясында тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.