Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook желісіндегі парақшасында ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтай отыра атап өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"Ұстаз – ол тек мамандық қана емес, сонымен бірге арнайы ағартушылық миссия. Сіздер күн сайын балаларды білім нәрімен сусындатып, олардың дарындарын ашуға, дұрыс құндылықтарды бойларына сіңіруге көмектесесіздер. Бүгінгі күні еліміздегі білім беру жүйесі – 500 мыңға жуық ұстазымыз еңбек ететін үлкен сала", – деп жазды министр.
Ведомство басшысының айтуынша, мұғалімдерді қолдау мақсатында 2019 жылы "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданып, шамадан тыс есеп беруден, міндетіне жатпайтын функциялардан босатуға жағдай жасалды. Біліктілік санаты, магистратура, сынып жетекшілігі, дәптер тексергені және т.б. үшін әр түрлі қосымша төлемдер енгізіліп, олардың көлемі ұлғайтылды.
"Сонымен қатар Мемлекет басшысының шешімдері арқасында мұғалімдердің жалақысы бірнеше жылдан бері жыл сайын 25%-ға көтеріліп келеді.
Биыл 25 жылдан астам еңбек еткен барлық ұстазға арнайы марапат тағайындадық. Өйткені өз ісіне осынша жыл адал қызмет еткен мамандар ерекше құрмет пен қолдауға лайық.
Сонымен қатар 30 жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар мұғалімдерді санаттар мен ай сайынғы қосымша төлемдер алу үшін тапсыратын тесттен босату туралы шешім қабылдадық", – деді Асхат Аймағамбетов.
Бұл ретте ол қыркүйек айынан бастап ел мектептерінің басым көпшілігі бес күндік оқу аптасына ауысқанын атап өтті және жалақы мәселесіне де тоқ алды.
"Келесі жылы қаңтар айынан бастап мектеп, колледж және қосымша білім беру ұйымдарындағы барлық педагогтің жалақысы тағы 25%-ға өседі. Сондай-ақ келесі жылы ел Президентінің тапсырмасы бойынша балабақшалардағы барлық тәрбиешінің жалақысы өседі. Біз бұл бағыттағы жұмысты тоқтатпай, бұдан да қолайлы жағдай жасауды жалғастыра береміз", – деп жазды министр.