Абай Қайырбековтің айтуынша, Перизат Қайраттың нақты қай салада еңбек ететіні оның қабілеті мен мекемедегі бос жұмыс орындарына байланысты анықталады.
"Сотталғандардың дағдыларына қарай қолайлы жұмыстар ұсынылады. Егер біліктілігі жеткіліксіз болса, оларды арнайы курстар мен колония жанындағы колледждерде оқытамыз", – деді ол.
Оның сөзінше, Перизат тігін өндірісінде, шаруашылық бөлімінде немесе басқа да жұмыстарда еңбек етуі мүмкін.
"Әр сотталғанға ең төменгі жалақы міндетті түрде төленеді, ал табыс мөлшері атқарған жұмыстың көлеміне байланысты өзгереді", – деп қосты Қайырбеков.
Вице-министрдің айтуынша, анасы мен қызын бір колонияға орналастыруға мүмкіндік бар. Алайда олар бір отрядта немесе әртүрлі отрядтарда болатынын мекеме басшылығы шешеді.
"Бұл мәселе жедел жағдай мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес шешіледі. Сол себепті оларды бірге немесе бөлек ұстау – мекеме әкімшілігінің құзырында", – деді Қайырбеков.