Жоғарғы сот БАҚ өкілдерінің "Перизат Қайраттың соты қандай жағдайда тікелей эфирден көрсетіледі?" деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олар нақты сұраныс болса, сот процесін онлайн таратуға қарсы емес.
– "Біз біргеміз" қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың бірі – Перизат Қайраттың істері сотқа түспеген. Перизат Қайраттың соңғы қылмыстық ісі сотқа келіп түскен жағдайда, қоғам тарапынан, заңгерлер қауымынан сондай сұраныс болса, сот отырыстарын тікелей эфирде көрсету мәселесі қарастырылуы мүмкін, – деп жазылған ресми жауапта.
Айта кетейік, Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты тергеп-тексеруді аяқтаған болатын. Мұны өз кезегінде агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов айтқан еді.
19 наурыз күні тараптар 109 томнан тұратын қылмыстық іс материалдарымен танысуға кіріскен-ді.