Бүгінгі сот отырысына 2 жәбірленуші және 1 жәбірленуші тараптың өкілі келмей қалды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Прокурор Мәдина Оразалина жәбірленушілерден тергеу кезінде алынған жауаптарды оқып берді. Оның сөзінше, жәбірленуші Жәлелов, Бұхарбаев және Курмаеваның орналасқан жерін анықтау және байланыс орнату мүмкін болмаған. Қызметкерлер жазылған мекенжайға да барып, ұялы телефон арқылы хабарласуға және жақын туыстары арқылы байланысуға тырысыпты, бірақ бұл да нәтижесіз аяқталған.
– Осыған байланысты Қаржылық мониторинг агенттігінің жедел уәкілі рапорт жасады, – деп ескертті прокурор сот залында.
Жарияланған жауапта "Aneko L" ЖШС 3 млн теңге аударғаны айтылады. Бұл аударым келісімшарттық міндеттемесіз жасалған. Жауапта Перизат Қайрат жетекшілік еткен қор туралы әлеуметтік желілерде белсенді жарнама жүргізілгені, сол себепті зардап шеккен жандарға көмек ретінде ақша аударылғаны жазылған.
Тағы бір жәбірленуші Манарбек Бұхарбаев болса, өз жауабында 2024 жылдың сәуірінде әлеуметтік желі арқылы "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоры туралы естіп-білгенін жеткізген. Сосын өзі басқаратын Маңғыстау облысы бойынша қазынашылық департаментінің атынан 231 500 теңге аударып жіберген. Аталған сома департамент қызметкерлерінен қайырымдылық ретінде жиналған.
Прокурор жәбірленуші Наталья Курмаеваның Перизат Қайрат басқарған қордың есепшотына өз қалтасынан 60 мың теңге аударғанын сөз етті. Ол қор өкілдерін мүлде танымаған, қор туралы ақпарат қолжетімді болғандықтан, банк қосымшасы арқылы оңай аударым жасаған.
Бұған дейін Перизат Қайрат пен анасының 3,5 млрд теңгені қайда жұмсағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, қылмыстық істе 50-ге жуық жәбірленушінің бар екені белгілі болды.