Перу билігі елдің есін шығарған алапат су тасқынының зардабын жою үшін шұғыл 750 млн доллардан астам қаржы бөлді, деп хабарлайды 24.kz. Соңғы мәліметке сүйенсек, табиғи апаттан 67 адам қаза болған.
Айта кетейік, осының алдында ғана Перу халқы қуаңшылық зардабын тартқан болатын. Бұл аздай өткен айдан бері нөсер толастамай тұр. Топан су 115 мың құрылыс нысанына нұқсан келтіріп, 100-ден астам көпірді қиратқан. Мың шақырымнан астам тасжол бүлінген.
Бірқатар өңірде төтенше жағдай жарияланды. Сумен қамтамасыз ету жүйелері зақымданған. Жергілікті билік апаттың арты жұқпалы аурулардың таралуына соқтыруы мүмкін деп дабыл қағып жатыр. Қас қылғандай, синоптиктер болжамы да көңіл көншітпейді. Олар жауынның таяу арада тыйылатын түрі жоқ деп отыр.