Перзентхана, мектептер, оқушылар сарайы: Астанада тұрғындар тығыз орналасқан ауданда қандай нысандар салынады

330

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында Сарыарқа ауданында салынатын әлеуметтік нысандар туралы жазды.    

Перзентхана, мектептер, оқушылар сарайы: Астанада тұрғындар тығыз орналасқан ауданда қандай нысандар салынады Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана әкімі Сарыарқа ауданының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Кездесу 5 сағатқа созылды. "Ашық микрофон" форматында тұрғындар сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Тұрғындар әлеуметтік нысандар (мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер, спорт нысандары), аулалар мен қоғамдық кеңістіктер, жолдар, инженерлік желілер салу мәселелерін көтерді. Сондай-ақ, жаңа маршруттарды іске қосу, тұрғын үй кешендерін жөндеу, көшелерді жарықтандыру және т.б. бойынша ұсыныстар айтылды.

"Сарыарқа ауданында биыл бірқатар әлеуметтік нысанның құрылысын бастаймыз. Мәселен, "жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Сарыарқа ауданында жаңа форматта екі мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты биыл перинаталдық орталықтың құрылысына кірісеміз, бұған қоса көпсалалы аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоспарланған 15 Оқушылар сарайының бесеуін салуды биыл бастаймыз. Олардың бірі Сарыарқа ауданында орналасады.

Сонымен қатар, автобустарға деген қажеттілікті назарға ала отырып, биыл қалаға тағы 300 автобус жеткізу жоспарланып отыр. Былтыр қоғамдық көлік паркі 400 автобуспен толықтырылған.

Күн жылынып, көктем басталғаннан кейін жолдар салуға, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға, көгалдандыруға және т.б. кірісеміз. Біз оларды қысқа, орта және ұзақ мерзімді деп бөлеміз. Оларды іске асыру мерзімі бекітіледі", - деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу