Алматы облысында туғанына бес күн болған сәбидің шетінеп кеткені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қайғылы оқиға туралы ақпарат Threads желісінде пайда болды.
"Кеше туғанына бес күн болған жиенімнен айырылып қалдым. Сәбидің өліміне оның жерге құлап кетуі себеп болған. Оқиға босанатын әйелді арнайы босану төсегінде емес, мүгедектер арбасымен апара жатқан кезде болған. Салдарынан нәресте құлап кеткен. Ең сорақысы дәрігерлер сәбиді құтқару немесе оған көмектесу үшін ештеңе істемеген. Нәрестенің жағдайы жақсы екенін айтып, оны анасына берген. Бірақ та, келесі күні нәресте ембей қойды, әзер тыныс алды. Осыдан кейін оны шұғыл түрде басқа ауруханаға ота жасау үшін ауыстырған", – деп жазды марқұмның туысы.
Өкінішке қарай, сәби шетінеп кеткен.
"Басқа аурухана дәрігерлері нәрестенің ауыр жарақатпен жеткізілгенін айтты. Енді перзентхана өзінің салғырттығы бойынша жауапкершіліктен қашып отыр. Олар болған жағдайға бар кінәні босанған әйелдің өзіне артып отыр. Біз бұл мәселеге байланысты барлық мекемеге жүгінеміз", – делінген жазбада.
Белгілі болғандай, кейін дәрігерлер кешірім сұрап, өз кінәсін мойындаған.
Редакция тілшісі осы оқиға бойынша Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне жүгінді.
"Аталған жағдай бойынша Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасында медициналық көмектің көрсетілу сапасына ішкі аудит, сондай-ақ өтініште көрсетілген фактілер бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Қорытынды тұжырымдар ішкі тергеп-тексеру нәтижелері, медициналық құжаттамаға жүргізілген сараптамалық бағалау және уәкілетті сараптамалық ұйымдардың қорытындылары негізінде жасалатын болады. Барлық тексеру іс-шаралары аяқталып, түпкілікті қорытындылар алынғаннан кейін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады", – делінген ресми жауапта.