Абай облысында толғағы жетіп, перзентханаға барған 34 жастағы әйел құрсағындағы нәрестесімен бірге қайтыс болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Информбюро телеарнасына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда оқиғаның себебін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылған. Полиция тергеу амалдарын бастап кетті.
Марқұмның жұбайы екпе салыну салдарынан көз жұмды деп отыр. Үржар ауданының 34 жастағы тұрғыны төртінші баласын босануға барған.
"Сол күні кешкі сағат алтыда барып едім, тағы кіргізбей қойды. Кешкі сағат 21:00-де өздері емес, көршім арқылы қоңырау шалып, ауруханаға тез баруымды сұрады. Ауруханаға барғанымда дәрігерлер бір-біріне сілтеп, жолдасымның және нәрестенің өмірден өткенін айтты. Аурухана басшылығы мен дәрігерлердің біліксіздігінен жолдасымнан және сәбиімнен айырылып отырмын", – деді марқұмның күйеуі Ұлан Балапанов.
Марқұм әйелдің жақындарының сөзінше, Гүлнар денсаулығына бұрын-соңды шағымданбаған.
Ақпаратқа сәйкес, денсаулық сақтау басқармасы осы жағдайдан кейін аудандық ауруханаға мониторингтік топ жіберіп, қызметтік тексеріс жүргізген. Оған сәйкес бас дәрігерге қатаң сөгіс жарияланып, ал орынбасарлары жұмыстан босатылған.
"Босану кезінде пайда болған асқынулар қайтымсыз салдарға әкелді. Қазір сот-медициналық сараптамасының түпкі қорытындысы болмағандықтан, қылмыстық іс аясында диагнозды түсіндіре алмаймыз", – деді Абай облысы денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының орынбасары Әсем Орынбаева.
Марқұмның артында мектеп жасындағы екі қыз, бір ұлы қалды.