Петицияларды орналастыратын арнайы платформа әлі дайын емес – министр

396

Ескі платформадағы петицияның заңды күші жоқ.

Петицияларды орналастыратын арнайы платформа әлі дайын емес – министр Фото: Балжан Смаилова

Қазақстанда петицияларды орналастыратын жаңа платформа әлі іске қосылған жоқ. Бұл туралы Әділет министрі Азамат Есқараев Мәжіліс кулуарында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тілшілер "Петицияны орналастыратын бірыңғай платформа қашан дайын болады?" деген сауал қойды.

"Білуімше, қазір тиісті платформа әзірленіп жатыр. Бұл сұрақты уәкілетті органға қойғаныңыз дұрыс. Жұмыстың аяқталуына қарай бұл платформа іске қосылады деп ойлаймын",  - деді Азамат Есқараев.

"Бүгінгі таңда азаматтар ескі петицияға белсенді қол қойып жатыр. 150 мың қол жиналды. Бірақ оның күші жоқ, себебі ол платформа заңға сәйкес келмейді. Заңның орындалуы қанша уақытты алуы мүмкін?" деп нақтылады БАҚ өкілдері.

"Әрине бұл 2021 жылғы петиция, ол жаңа заңға сәйкес жасалған петиция емес", - деді министр.

Ведомство басшысы жаңа платформада петицияларды орналастыру тегін не ақылы бола ма деген сұраққа мардымды жауап бермеді. 

"Жуық арада жаңа платформа дайын болады деп кәміл сенемін. Жаңа заң күшіне енді, оған сәйкес жаңа платформа дайындалып жатыр. (...) Петицияға адамдар жаңадан қол қойып, жаңа платформаның негізінде жіберуіне болады", - деп атап өтті Әділет министрі Азамат Есқараев.

Еске салайық, осыған дейін Мемлекет басшысы "Қоғамдық бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғанын жазған болатынбыз. Құжатқа сәйкес өтініш Үкімет деңгейінде қаралуы үшін 50 мың қол жиналуы қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу