Румыниядағы "ҚазМұнайГаз" АҚ-ға тиесілі Petromidia мұнай өңдеу зауыты шілдедегі өрттен кейін жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚМГ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Petromidia мұнай өңдеу зауыты 2 шілдеде болған оқиғадан кейін жұмысын қайта бастады. 7 қазандағы жағдай бойынша қондырғылардың өнімділігі тәулігіне 12,7 мың тоннаға жеткізілді", – деп жазылған компания таратқан хабарламасында.
ҚМГ мәліметінше, қыркүйек айының соңында жөндеу жұмыстарының көп бөлігі аяқталды, атап айтқанда, құбырларды тексеру, жөндеу және ауыстыру жүргізілді, қажетті жабдықтар қалпына келтірілді, зауыт қызметкерлері қайта даярлаудан және қайта аттестациядан өтті.
Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұнай өңдеу зауыты тоқтаған кездеҚМГ тиесілі KMG International компаниясы жанармай жеткізуді жалғастырды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 2021 жылы 2 шілдеде Румыниядағы Petromidia мұнай өңдеу зауытында өрт шығып, бес адам зардап шекті, бір адам қаза тапты. Содан кейін ҚМГ дизель отынын өңдейтін зауытта өрт шыққанын хабарлады.
Petromidia – Румыниядағы ең ірі мұнай өңдеу зауыты және Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы ең заманауи зауыт. Қара теңіз жағалауында орналасқан кешен шикі мұнайды өңдейді және тек Еуро 5 стандартына сай өнім шығарады.