Петропавл қаласы мен 95 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр

1182

Петропавл қаласы мен 95 елді мекенді су басу қаупі төніп тұр

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқыны болуы ықтимал елді мекендердің тізімі жасалды. Ең басты қауіп Петропавл қаласына төніп тұр. Биыл қар әдеттегіден көп түсті, демек үйлерді су алып қалу қаупі әдеттегіден жоғары, деп хабарлайды Baq.kz.

"Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент өткен жылдардың талдауына сүйене отырып, су тасқынына бейім Петропавл қаласы мен 95 елді мекенді есепке алды. Олардың көпшілігі Есіл, Тайынша және Аққайың аудандарында. Халықты уақтылы құлақтандырып, эвакуациялау шараларына жіті дайындалуымыз керек", – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Ерік Темірханұлы.

Естеріңізге сала кетейін, 2016 жылы Солтүстік Қазақстан облысы аумағында қар суы Петропавл қаласы мен 10 ауданның 30 елді мекенін басқан болатын. 430 тұрғын үй мен 980 аулаға су кірген. 5 мыңнан астам саяжай да су астында қалған еді. Биыл қауіпті аймақтарда тұратын халыққа дер кезінде тиісті көмек көрсету мақсатында арнайы комиссия құрылды.

"Халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Адам өмірінің қауіпсіздігі мәселесінде кез келген жағдай маңызды. Біздің міндетіміз су тасқынының салдарын азайту, елді мекендерді қорғау, халықтың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ету болып табылады", – деді Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова эвакуациялық комиссияның отырысында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу