Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев ірі өрт салдарынан жеке үйлердің өртенуіне байланысты сөгіс алды, деп жазады inbusiness.kz.
7 мамыр күні Петропавлдағы "Береке" ықшамауданында қамыс жанып, арты үлкен өртке ұласты. Өрт салдарынан 11 отбасы баспанасыз қалды. Облыс орталығында техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланған болатын.
Биыл қалада қамысты шабу, оны жою жұмыстарына бюджеттен 67 млн теңге қарастырылған.
"Қала басшысы жұмысты дұрыс ұйымдастырмаған. Қамыс уақытында шабылмаған. Соның салдарынан бүгінде тұрғындар баспанасыз қалып, мүлкінен, құжаттарынан айырылды. Егер де тиісті жұмыс уақытында басталса, мұның бәрінің алдын алуға болар еді. Қаржыландыру болмаса, ақша бөлінбесе, түсінер едім", - деді СҚО әкімі Айдарбек Сапаров облыстық әкімдікте өткен отырыста.