Петропавл көшелерінде жеңіл көлік өртеніп кетті

118

Өрттің шығуына электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған. 

Петропавл көшелерінде жеңіл көлік өртеніп кетті Фото: Бейнежазбадан

Петропавлда көшеде жеңіл көлік өртеніп, кездейсоқ куәгер өрттің дүкен мен аялдамаға таралуының алдын алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 25 ақпан күні сағат 17:35-те "101" жедел нөміріне Петропавлдағы Жұмысшы кентінде, Панфилов көшесінде жеңіл автокөліктің өртенгені туралы хабарлама түскен. 

Оқиға орнына жедел жеткен мамандар көліктің қозғалтқыш бөлігінен шыққан өртті сөндірді. Автокөлік газ-баллон жабдығымен жабдықталған екен.

Кейін белгілі болғандай, көлік өрт шыққан кезде дүкен маңында тұрған. Көлік иесінің қолда бар құралдармен өртті сөндірмек болған әрекеті нәтиже бермеген.

"Сол сәтте өтіп бара жатқан жеңіл көлік жүргізушісі жағдайға жедел әрекет етіп, жанып жатқан автокөлікті қауіпсіз жерге жылжыту туралы шешім қабылдаған. Арқанмен тіркеп, ол көлікті жол жиегіне сүйреп апарған. Нәтижесінде өрттің дүкен ғимаратына және жанындағы адамдар тұрған автобус аялдамасына таралуына жол бермеді", – дейді департамент мамандары.

Ал өрт сөндіру жасағы келгеннен кейін жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған. Қазіргі уақытта оның жеке басы анықталып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу