Петропавл тұрғыны бөгет ішінде қалып қойған судан тез құтылу әдісін ойлап тапты

187

Бұл әдісті ер адам әскерде жүргенде қолданып көрген. 

Петропавл тұрғыны бөгет ішінде қалып қойған судан тез құтылу әдісін ойлап тапты Фото: Ақерке Дәуренбекқызы/Kazinform

Петропавл тұрғыны Тілеуберген Баязитов тасқын сумен күрестің өзіндік жолын ұсынып отыр. Оның әдісін қолдану арқылы көлден электр қуатын да алуға болады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты KazInform.kz-ке сілтеме жасап,

Тілеуберген Баязитовтың ұсынып отырған әдісі – физикаға, соның ішінде гравитация заңына негізделген. Іске асыруға көп қаражатты қажет етпейді. 

"Менің ұсынып отырған әдісім қазіргі уақытта өзекті. Су тасқынының алдында, мәселен қала маңына бөгеттер салынғанымен су оның үстінен өтіп кетіп, қаншама үй су астында қалды. Қазір ол су кейін кетеді, бірақ бөгеттен өте алмай, су қазаншұңқырда қалғандай болады. Міне сол кезде менің әдісімді қолдануға болады. Ол үшін диаметрі шамамен 50 см, бірақ, неғұрлым үлкен болса, соғұрлым тез кетеді, құбыр керек. Оның бір басын сорылуы тиіс суға салып, бөгеттің бойымен жүргізіп отырып, ар жағына екінші басын шығарамыз. Кейін екі басын уақытша бітеп, үстінен тесіп, құбырдың ішін суға толтырамыз. Оны кейін дұрыстап бекітіп, екі құбырдың басын бір мезетте ашқанда жаңағы сорылуы тиіс суымыз гүрілдеп келесі бетке аға жөнеледі", - дейді Тілеуберген Баязитов.

Бұл әдісті ер адам әскерде жүргенде қолданып көрген. Әскери бөлім суға кете жаздағанда сарбаздар бір түн ішінде құбырлардан қажетті қондырғыны жасап, судың арнасын бұрып жіберген. Содан бері 50 жылдан астам уақыт өткен. Бір-екі рет осы әдісті қолданысқа енгізуді ұсынғанымен, естір құлақ болмаған. 

Тілеуберген Баязитов М.Қозыбаев – атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Болашақ ветеринарларды даярлауға ат салысып жүр. Айтуынша, көпшілік ветеринария ілімін тар бейінді сала деп ұғады. Алайда ол басқа ғылымдармен сабақтасып жатыр.

"Сен ветеринарсың, физика туралы қалай айтасың дейді маған көпшілік. Бұл – қате ұғым. Жақсы ветеринар маман болу үшін тек физика ғана емес, экономика, құрылыс, математика, генетика, биология, медицина, тағы басқа ілімдерден хабарың болуы керек. Заман талабы да сондай. Ал жаңағы әдіске келер болсақ, оны көлдерде қолданып, электр қуатын өндіруге болады. Яғни жасыл энергетика. Ол үшін тек турбина қою қажет. Мен бұдан пайда көрейін деп отырған жоқпын, сондықтан патент де алмадым. Мақсатым – қолданысқа енсе, халыққа пайдасы тисе", - дейді Тілеуберген Баязитов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу