Солтүстік Қазақстан облысында қаңтар айында интернет алаяқтықтың 33 дерегі тіркелді. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 16-ға аз, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өңір полицейлерінің айтуынша, биылғы интернет алаяқтық фактілерінің 19-ы "банктен қоңырау шалу" тәсілімен жасалған.
"Әдетте қылмыскерлер "домофонды ауыстыру", "есептегішті тексеру", "емханадағы кезекті нақтылау" сияқты сылтаулармен қоңырау соғады. Негізгі мақсат - SMS арқылы келген кодты айтқызу. Осыдан кейін қылмыстық схеманың өзге қатысушылары "ойынға" қосылып, әлгі кодтың көмегімен алаяқтар оның шоттарына қол жеткізгенін, атына несие рәсімдегенін немесе тұрғын үйін саудаға шығарғанын хабарлайды", – дейді тәртіп сақшылары.
Бұдан кейін "қорғану" үшін жәбірленушіге жинақ ақшасын шешіп алу, "айна несиелер" рәсімдеу, пәтерін шұғыл сату және барлық қаражатты "қауіпсіз шотқа" аудару ұсынылады.
Петропавлдың 53 жастағы тұрғыны алаяқтардың осы тәсіліне түсіп, пәтерінен айырылды. 2025 жылдың қараша-желтоқсан айлары аралығында ол "банк менеджерінің" нұсқауларын орындап, ақшаны кезең-кезеңімен алаяқтарға аударған. Тек қаңтардың басында ғана өзін алданғанын түсінген. Келтірілген шығын көлемі 18 миллион теңгеден асты.
"SMS арқылы келетін төрт таңбалы кодты бөгде адам өздігінен қолданып, несие рәсімдей алмайды. Алайда ол кибералаяқтарға жеке деректерге қол жеткізуге жол ашады. Осындай мәліметтерді иеленген қылмыскерлер мемлекеттік орган қызметкерлерінің кейпіне еніп, жалған құжаттар дайындауы мүмкін. Мысалы, WhatsApp мессенджері арқылы жалған сатып алу-сату шартының жобасын жіберіп, жәбірленушіні пәтерін жедел сатуға көндіруге тырысады", – дейді полицейлер.