Петропавлда көпқабатты тұрғын үйлердің 30 пайызға жуығы қазіргі таңда күрделі жөндеуді талап етеді. Бұл туралы қалалық пәтер иелері кооперативі қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков мәлімдеп отыр, деп хабарлайды 24.kz.
Оның айтуы бойынша, кооператив төрағаларының жұмысына деген салғырттықтан жаңғырту жұмыстарын жүргізу мүмкін болмай отыр. Оның үстіне тұрғындардың жарнаны уақтылы төлемеуі тағы бар.
Жалпы айта кету қажет, бүгінгі күні шаһарда 300-ге жуық кооператив бар. Ал олар 800-ге тарта үйге қызмет көрсетеді.
"Жаңа жүйенің тиімді жұмыс істеуі бірінші кезекте қаржыландыруға байланысты. Егерде тұрғындар жарнаны тұрақты түрде төлеп тұрса, кез келген мәселені шешуге болар еді деп ойлаймын. Оның үстіне халық жиналған ақшаның қайда жұмсалып жатқаны жайында да құлағдар болып тұруы қажет. Сонда ғана тұрғындардың сенімі артып, қаржыны төлеп тұрар еді", - дейді қалалық ПИК қауымдастығының төрағасы Сергей Худяков.