Петропавлда 80 саяжайды су басты

918

Петропавлда 80 саяжайды су басты

Петропавлда Есіл өзенінің жағасында орналасқан 80 саяжай су астында қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Петропавл қаласының іргесінде орналасқан Заречный кенті мен республикалық маңызы бар "Челябі-Новосібір" тас жолына жақын маңда Есіл өзенінің деңгейі көтеріліп, ернеуінен асып жатыр. Жол үстін басқан судың тереңдігі 50 сантиметрге жетті. 

Бұл учаскеде 25 сәуірден бері жеңіл көліктер үшін жол қозғалысы шектелді. "Челябі-Новосібір" тас жолының 529-шы шақырымы да өзен суының астында қалды. Жолдың шамамен 30 метр бөлігін тереңдігі 5-8 сантиметр су басты. Қазір аталған аумақтарға арнайы жол белгілері орнатылып, полицейлер кезекшілік атқаруда.

Облыстық маңыздағы КТ-4 "А-16-Новоникольск-Андреевка" тас  жолы барлық көлік түрлері үшін жабық.

Қазір өзеннің жоғары жағында су деңгейі төмендеп келеді. 19 сәуір күні Сергеев су  қоймасындағы су деңгейі 168 сантиметрге көтерілсе, бүгінде бұл көрсеткін 81 сантиметрге дейін түсті.

СҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, тасқын кейбір елді мекендерге жақындағанымен, үйлерді су алу фактісі тіркелген жоқ.

"Жағдайды қадағалау мақсатында Есіл өзеніне жақын орналасқан елді мекендерде, атап айтар болсақ, Қызылжар ауданының Семипалатное, Новокаменка, Бәйтерек, Тепличное, Соколовка, Долматово ауылдарында, Петропавлдың Заречный кенті мен Былғары зауытында тәулік бойы арнайы мамандар кезекшілік атқаруда. ТЖД-ның жедел-штабы жұмыс істейді. Күтпеген жағдай бола қалса, азаматтар 112 телефонына хабарласа алады. Ата-аналарға балаларын көзден таса қылмауға кеңес беремін", - деді СҚО ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлев.    

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу