1 Наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне орай Петропавлда зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүре алады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл – Петропавл қалалық әкімдігінің бастамасы. Олардың ұсынысын жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер бір ауыздан қолдап, мерекеге өз үлесін қосып жатыр. Яғни, наурыздың 1-і күні қарт адамдар қалаішілік бағытта жүретін барлық автобустардың қызметін тегін пайдалана алады. Қазіргі уақытта Петропавлда тұратын зейнеткерлердің саны 44 мыңнан асады.
"Қала зейнеткерлеріне 1 наурыз – Алғыс айту мерекесіне орай осындай сый жасауды ұйғардық. Петропавл бойынша 270 қоғамдық көлік бар. Соның бәрінде зейнеткерлеріміз тегін жүре алады", – дейді Петропавл қаласы әкімдігінің ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ораз Кәршалов.
Жалпы, Петропавлда мерекеге орай көптеген іс-шара жоспарланған. Қалалық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен "Этностар Форумы", "Шашу" қайырымдылық акциясы, "Этно-fashion" атты ұлттық киімдердің фестиваль-конкурсы өтіп жатыр. Сондай-ақ ұйымдар, оқу орындары мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері облыс орталығындағы "Балалар ауылында", "Аналар үйінде" болып, қайырымдылық шараларын өткізді.