Петропавлда бірнеше көпқабатты үй газсыз қалды

866

Петропавлда бірнеше көпқабатты үй газсыз қалды

Сақылдаған сары аяз солтүстікқазақстандықтарды да әбігерге салуда. Қатты суықтың салдарынан Петропавл қаласында мыңға жуық пәтер көгілдір отынсыз қалды, деп хабарлайды Хабар телеарнасы.

Кешелі бері шаһарда 10-нан астам көпқабатты үйдің тұрғындары газсыз отыр. Яғни газ реттегіш қондырғылар қатты аяздың қысымына шыдас бермей қатып қалған. Соған байланысты таң сәріден арнайы бригада апатты жоюға кірісті. Қазір үйлердің басым бөлігіне көгілдір отын берілді. Теріскейде мұндай жағдай екінші жыл қатарынан орын алып отыр.

"Бұған себеп – өңірде арнайы қысқы газдың жоқтығы", – дейді мамандар.

"Кеше ертесіне газ болған. Бірақ түстен кейін ол нашар жана бастады. Кешкісін мүлдем жоғалып кетті. Сондықтан тамағымызды электр плитада дайындауға тура келді. Ал бүгін мамандар келіп, жағдайды қалпына келтірді", –  деді Петропавл қаласының тұрғыны Любовь Зеленова.

"Қазақстанда қысқы газды тек "Теңізшевроил" компаниясы ғана өндіреді. Ал бұл көгілдір отын экономика министрлігінің реттеуіне кірмейді. Құны да қымбат. Бізге оны сатып алу үшін тарифті 800 пайызға өсіру қажет. Бұл тұрғындар үшін тиімсіз", – деді "Горгаз сервис" ЖШС директорының орынбасары Олег Любавин. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу