Петропавлда блогер аза тұту күніндегі видеосы үшін 10 тәулікке қамалды

362

​Петропавл тұрғыны, блогер Ирина Антоненко жалпыұлттық аза тұту күні әлеуметтік желіде жариялаған видеосы үшін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Петропавлда блогер аза тұту күніндегі видеосы үшін 10 тәулікке қамалды Фото: Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті

25 қыркүйекте әлеуметтік желілерде тараған видеода 42 жастағы әйел қаза тапқан әскери қызметшілерді жеке танымайтынын айтып, олардың туысы болмағандықтан аза тұтуға міндетті емес екенін мәлімдеген. Сондай-ақ күнделікті өмірін жалғастыра беретінін айтқан.

Видео кейін өшірілгенімен, оның көшірмелері TikTok пен Instagram желілерінде таралып, қоғам арасында қызу талқыға түсті. Желі қолданушылары блогердің сөзін қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына құрметсіздік деп қабылдап, құқық қорғау органдарынан құқықтық баға беруді сұрады.

Полиция Антоненконың жеке басын анықтап, онымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, ескерту жасаған. Кейін блогер әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрап, болған жағдайға өкініш білдірді.

Алайда полиция материал жинап, істі сотқа жолдады. 29 қыркүйекте сот Антоненконы ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға заңда белгіленген тәртіппен құқықтық баға берілген.

"Заң мен тәртіп" қағидаты баршаға ортақ, – делінген ведомство хабарламасында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу