Петропавлда су басу қаупі туындаған жағдайда жедел әрекет ету үшін Жұмысшы кенті мен Бірлік шағын ауданында жедел штабтар құрылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, бұл шағын аудандарда еріген қар суы тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін.
– Қыстан бері қар шығару, кәріз жүйелері мен арықтарды тазалау жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін облыс орталығынан шамамен 900 мың текше метр қар шығарылды. Қазіргі уақытта жұмысқа 200-ге жуық арнайы техника, 100-ден астам мотопомпа, 30 ассенизаторлық техника және 350-ден астам адам, оның ішінде еріктілер, әскери қызметшілер мен коммуналдық қызмет мамандары жұмылдырылған, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Жұмысшы кенті мен Бірлік шағын ауданындағы су тасқынына қарсы құрылған штабтар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Барлық қызметтер қауіпті учаскелерде еріген қар суының жеке тұрғын үйлер аумағына кіріп, су басу қаупін азайтуға бағытталған шараларды атқарады. Негізгі мақсат – көктемгі су тасқыны кезінде жеке тұрғын үйлерді су басуына жол бермеу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.