Петропавлда суға кеткен баспаналарды тексеру нәтижесінде 238 үй апатты деп танылды

233

Мүлікке құжат болмаған жағдайда меншік иесі оларды ресімдеуі керек.

Петропавлда суға кеткен баспаналарды тексеру нәтижесінде 238 үй апатты деп танылды Фото: akorda.kz

Петропавлда су астында қалған 2156 үйдің жартысынан астамы техникалық тексерістен өтті. Әзірге 537-сінің ғана қорытындысы дайын, 238 баспана апатты деп танылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Петропавл әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова су тасқынының зардабын жоюға қатысты атқарылған жұмысқа есеп берді.

Әкімдік өкілінің айтуынша, Петропавлда 6 ұйым техникалық тексеру жүргізсе, 7 ұйымға бағалау жүктелген. Бұдан бөлек бүлінген мүлікті бағалауды 7 ұйым жүргізеді.

Сонымен қатар, сметалық есеп жүргізу үшін 6 компания тартылған.

"Қалпына келтіруге жатпайтын үйлердің тізімі апта сайын қалалық әкімдіктің ресми сайтында "әртүрлі" бөлімінде деректердің түсуіне қарай жаңартылып отырады. Бағалаушылар меншік иесімен алдын ала байланысады, тексеру жүргізілетін күн мен уақыт белгіленеді. Меншік иесінің өзімен бірге жеке куәлігі, үйдің техникалық паспорты, құқық белгілейтін құжаттары және жерге актісі болуы қажет. Меншік иесінің өкілі болған жағдайда сенімхатты көрсетеді", - дейді Әсем Айтулова.

Маманның айтуынша, мүлікке құжат болмаған жағдайда меншік иесі оларды ресімдеуі керек.

"Қалалық әкімдіктегі 425 кабинетте осы мәселелер бойынша кеңес беріледі. Сондай-ақ, 134 кабинетте сағат 14:30-дан 18:00-ге дейін адвокат тегін кеңес береді. Нотариаттық палата халыққа кеңес беру үшін кезекші нотариусты бекіткен. Барлық сот рәсімдері жеделдетілген тәртіппен жүзеге асырылады", - дейді әкімдік өкілі.

Қазіргі уақытта үйлерді жөндеу және аумақтарды тазартуға көмектесу үшін Петропавлда механикаландырылған бригадалары бар жедел штабтар жұмыс істеп жатыр.

Бұған дейін СҚО-ның су басқан Қызылжар ауданы тұрғындарына 540 млн теңге біржолғы төлем жасалғанын айттық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу